Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының тәжірибесі Қазақстанның БҰҰ-ға ұсынған ұлттық шолуына енді

05.08.25

Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының тәжірибесі Қазақстанның БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі үшінші Ерікті ұлттық шолуына енді. Құжатты Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесіп әзірлеп, Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Жоғары деңгейдегі саяси форумында таныстырды.

Ұлттық шолуда Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры aitas холдингінің әлеуметтік миссиясын жүзеге асыратын қорлардың бірі ретінде көрсетілген. Сондай-ақ жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуына және өз әлеуеті мен ресурстарына сүйене отырып өркендеуіне бағытталған бизнес, билік пен қоғамның серіктестік моделі ерекше атап өтілген.

Шолу авторлары aitas холдингін Қазақстанның ауылдық өңірлерінде Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға алғашқылардың бірі болып кіріскен компаниялардың қатарында атайды. Холдинг aitas foundation, Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры және Білім беруді тұрақты дамыту қоры арқылы білім беру, ауыл экономикасын дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Құжатта Катонқарағай ауданының тәжірибесіне ерекше назар аударылған. Мұнда жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен тұрақты туризмді дамыту моделі жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2019 жылы құрылған «Катонқарағай ауданын тұрақты дамыту» қоғамдық қорының жұмысы көрсетілген. Бес жыл ішінде жергілікті қор жалпы құны 987 млн теңгені құрайтын 100-ден астам жобаны жүзеге асырған.

Олардың қатарында тұрғындарға қонақ үйлерін ашу үшін гранттар беру, жаңа туристік өнімдерді дамыту, Қонақжайлылық мектебін ұйымдастыру және қалдықтарды басқару жобалары бар. Жергілікті бастамаларды қолдаудың нәтижесінде туристерді орналастыруға арналған қосымша 65 орын ашылды.

Аталған тәжірибенің ұлттық шолуға енуі ұзақ мерзімді жоспарлау мен бизнес, билік және жергілікті қауымдастықтардың күш біріктіруі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Катонқарағай ауданының тәжірибесі жаһандық мақсаттардың жергілікті деңгейде нақты іске асатынын дәлелдейді. Бұл — тұрғындарға табыс табуға мүмкіндік жасау, адами капиталды дамыту және табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған нақты жұмыстар.