Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының өкілдері Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильяновқа қордың ауылдық аудандарда атқарып жатқан жұмысын таныстырып, Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінде елді мекендердің дизайн-кодтарын қабылдау өкілеттігін әкімдіктерге бекітуді ұсынды. Бұл бастама қордың ауылдық жерлерде сәулеттік шешімдер әзірлеу және абаттандыру жобаларын жүзеге асыру барысында жинақтаған тәжірибесіне негізделген.
Дизайн-код елді мекеннің тарихын, табиғи ортасы мен өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, ғимараттардың қасбеттерін, маңдайшаларды, бағыттаушы белгілерді, қоршаулар мен қоғамдық кеңістіктерді бірізді стильде безендіруге мүмкіндік береді. Қор үшін бұл құрал ауылдық жерлердің келбетін жақсартуға, жайлы орта қалыптастыруға және әр өңірдің өзіндік болмысын сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстың маңызды бөлігі.
Ұсыныстың негізгі мақсаты — дизайн-кодтарды жергілікті деңгейде қолданудың нақты құқықтық негізін қалыптастыру. Әкімдіктердің тиісті өкілеттігін заң жүзінде бекіту құжатты қабылдауға жауапты органды айқындауға, сондай-ақ сәулеттік ұсынымдарды әзірлеу, қарау және одан әрі қолдану тәртібін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Бұл ұсынысты Мәжіліс депутатына жеткізу қордың ауылдық аумақтарды дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмысының жалғасы болды. Аудандарда жүзеге асырылып жатқан жобалар тәжірибесі заңнамалық реттеуді қажет ететін мәселелерді анықтауға және жергілікті басқару органдарының, тұрғындар мен кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескере отырып, нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.