Макинск қаласындағы мектеп-гимназияда Google for Education цифрлық білім беру экожүйесі енгізіліп жатыр. Бұл платформа мұғалімдерге сабақ берудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, оқушылардың бірлесіп жұмыс істеуіне және өз бетінше білім алуына жағдай жасайды. Жоба аясында мектепке оқу үдерісінде пайдалану үшін 71 Chromebook құрылғысы берілді.
Жобаны aitas foundation экожүйесіне кіретін Білім беруді тұрақты дамыту қоры (ФУРО) Google және STEM Solutions компанияларымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Бастаманың басты мақсаты — қала мен ауыл мектептері арасындағы цифрлық алшақтықты азайтып, балалардың заманауи білім беру технологияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Жоба Қазақстандағы 14 ауыл мектебін қамтиды.
Google for Education сабақтарды ұйымдастыруға, тапсырмаларды орындауға және бірлескен жобалармен жұмыс істеуге арналған цифрлық құралдарды біріктіреді. Google Classroom арқылы мұғалімдер тапсырма беріп, олардың орындалуын қадағалап, кері байланыс ұсына алады. Ал құжаттармен, кестелермен және презентациялармен бірлесіп жұмыс істеу оқушыларға жаңа тақырыптарды зерттеуге, ой бөлісуге және өз оқу материалдарын әзірлеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл сыни ойлау, топпен жұмыс істеу және өз бетінше білім алу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі — педагогтерді сабақ барысында цифрлық технологияларды тиімді қолдануға үйрету. Бағдарлама мұғалімдерді оқытуды және Google Educator сертификаттауынан өткізуді көздейді. Бұл жаңа құралдарды күнделікті оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік береді. Макинск қаласындағы мектеп-гимназия ФУРО мен STEM Solutions бірлесіп жүзеге асырып жатқан цифрландыру жобасына қатысады.
Мектепке 71 Chromebook құрылғысының берілуі цифрлық оқытуға қажетті техникалық базаны қалыптастырудағы маңызды қадам болды. Жобаға қатысу арқылы Макинск оқушылары зерттеу жұмыстарымен айналысуға, бірлескен жобалар жасауға және болашақта білім алу мен кәсіби өмірде қажет болатын цифрлық дағдыларды меңгеруге кеңірек мүмкіндік алады.