Шетелдік педагогтер Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлеріне ағылшын тілін үйретіп жатыр

15.09.25

Катонқарағай ауданында ұлттық парк қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарға арналған ағылшын тілі сабақтары ұйымдастырылды. Сабақты Білім беруді тұрақты дамыту қоры (ФУРО) ауданға шақырған шетелдік педагогтер жүргізеді. Бұл бастама тұрғындардың шетелдік қонақтармен қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға және жергілікті қауымдастықты халықаралық туризмнің дамуына дайындауға бағытталған.

Шетелдік мұғалімдер Катонқарағайға ФУРО-ның С. Ластаев атындағы мектепте ағылшын тілінде қарым-қатынас жасау ортасын қалыптастыруға бағытталған білім беру жобасы аясында келді. Үш жылға жоспарланған жоба ағылшын тілін оқытумен қатар пәнаралық сабақтарды, пікірсайыстарды, ғылыми үйірмелерді және тілді тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін басқа да іс-шараларды қамтиды.

Жоба аясында келген алғашқы шетелдік педагог — Ганадан келген Ебенезар Йебоа Овусу. Ол жаратылыстану ғылымдарын оқыту педагогикасы бойынша магистр дәрежесіне ие. 2025 жылы Назарбаев Университетінде білім беру саласындағы PhD бағдарламасы бойынша оқуын аяқтады. Еңбек жолында биология, математика және жаратылыстану пәндерінен сабақ берген. Сондай-ақ тіл үйренуді басқа пәндермен ұштастыратын пәнаралық оқыту тәсілдерін қолдану тәжірибесі бар.

Ұлттық парк қызметкерлеріне ағылшын тілін үйрету білім беру жобасының мүмкіндіктерін ауданның нақты қажеттіліктеріне пайдалануға жол ашады. Ағылшын тілін меңгеру қызметкерлерге шетелдік туристермен еркінірек сөйлесуге, табиғи аумақтарға бару ережелерін түсіндіруге, туристік бағыттар туралы ақпарат беруге және қонақтарды Катонқарағайдың табиғи әрі мәдени мұрасымен таныстыруға көмектеседі.

Ағылшын тілі сабақтарына жергілікті тұрғындар да қатысады. Өз ауылында шетелдік мұғалімдерден білім алу олардың сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, тілдік кедергіні жеңуге және саяхатшылармен сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе туризм саласында жұмыс істейтін немесе осы бағытта кәсіп бастауды жоспарлап жүрген тұрғындар үшін маңызды.

Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры, ФУРО және ұлттық парктің ынтымақтастығы білім беру бастамаларының өңір дамуына қалай үлес қоса алатынын көрсетеді. Туристерді қарсы алып, оларға өңірді таныстыратын жергілікті тұрғындар мен мамандардың біліктілігін арттыру туристік қызмет сапасын жақсартуға және Катонқарағайдың табиғи мұрасына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.