Белсенді өмір, шығармашылық және қарым-қатынас: Катонқарағайда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды

15.06.26

Катонқарағай ауылында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының филиалы ашылды. Бұл — аға буын өкілдері спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысып, жаңа қызығушылықтар тауып, уақытын бірге өткізе алатын кеңістік. Орталықтың ғимаратын дайындауға және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге aitas meken foundation қолдау көрсетті. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, салынған қаражат көлемі шамамен 7 млн теңгені құрады.

Орталықта жаттығу құралдарымен жабдықталған спорт аймағы, шахмат пен тоғызқұмалақ ойнауға арналған орындар, шығармашылық шеберхана және мәдени демалыс кеңістігі бар. Мұнда әр адам өзіне ұнайтын іспен айналыса алады: дене жаттығуларын жасауға, зияткерлік ойындар ойнауға, қолөнермен шұғылдануға немесе ауылдастарымен әңгімелесуге мүмкіндік жасалған.

Ауыл тұрғындары үшін мұндай мүмкіндіктердің үйге жақын жерде болуы ерекше маңызды. Орталыққа тұрақты түрде келіп, таныстарымен кездесуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және бірлескен іс-шараларға қатысуға болады. Бұл аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына және жергілікті қауымдастықпен байланысын нығайтуына ықпал етеді.

Орталық қызметінің тағы бір маңызды бөлігі — адамдардың өзара араласуы. Аға буын өкілдерінің өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол. Олар туған ауылдың тарихын, салт-дәстүрін және қолөнерін жақсы біледі. Енді тұрғындар осы білімдерімен бөлісіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, пікірлес жандарды тауып, ортақ іс-шараларға өз идеяларын ұсына алатын орынға ие болды.

aitas meken foundation үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қолдау көрсету — Катонқарағай ауданындағы өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ауылдық аумақтарды дамыту барлық буын өкілдеріне қолайлы жағдай жасауды көздейді. Соның ішінде ұзақ жылдар еңбек етіп, бала тәрбиелеп, туған ауылының дамуына үлес қосқан жандардың қажеттіліктерін ескеру маңызды. Еңбек жолын аяқтағаннан кейін де олардың белсенді әрі қызықты өмір сүруіне мүмкіндік болуы тиіс.

Қор орталықты келушілерді қабылдауға дайындауға және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесті. Ал оның алдағы қызметі облыстың әлеуметтік мекемелері жүйесі аясында ұйымдастырылады. Мұндай ынтымақтастық қордың әлеуметтік бастамаларға қолдауын мемлекеттік мекемелердің тұрақты жұмысымен ұштастырып, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Катонқарағай тұрғындары үшін күнделікті өмірдің маңызды әрі сұранысқа ие бөлігіне айналуына мүмкіндік береді.