Катонқарағай ауылының орталық бөлігіндегі ғимараттардың қасбеттерін жаңарту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға арналған сәулеттік тұжырымдама әзірленді. Қордың қолдауымен дайындалған жоба жергілікті тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып, аудан қонақтары үшін тартымды кеңістік құруды көздейді. Басты назар сәулет пен ауылды қоршаған табиғаттың үйлесіміне аударылған.
Тұжырымдаманы бас сәулетші Жанель Аманжолдың жетекшілігімен «JER» жеке кәсіпкерлігі әзірледі. Жоба тұрғын үй орамын, Шығармашылық үйін және оған іргелес шамамен 2,5 гектар аумақты қамтиды. Ұсынылған шешімдерде жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын, сондай-ақ тынығу аймақтарын ұйымдастыру қарастырылған.
Табиғат — Катонқарағай келбетінің ажырамас бөлігі. Ауылды қоршаған таулар, жасыл желек пен көркем көріністер оған ерекше сипат береді. Сондықтан тұжырымдаманы әзірлеу кезінде сәулет пен табиғи ландшафттың үйлесімін сақтау маңызды болды. Ұсынылған шешімдерде қолданыстағы ғимараттардың көлемі мен биіктігі, жасыл аймақтардың орналасуы, табиғат көріністерін тамашалау мүмкіндігі және жаяу жүргіншілерге қолайлылық ескерілген.
Тұрғындарға арналған ортаны кешенді жаңартуға да ерекше көңіл бөлінген. Ғимараттардың қасбеттерін жаңарту айналасындағы аумақтарды абаттандырумен қатар жүргізілуі ұсынылады. Осылайша үйлер, жаяу жүргіншілер жолдары, алаңдар мен демалыс орындары біртұтас кеңістікке айналуы тиіс. Бұл тұрғындарға үйінің жанында балаларымен серуендеуге, спортпен айналысуға, көршілерімен кездесуге және таза ауада демалуға қолайлы жағдай жасайды.
Сәулеттік тұжырымдама Катонқарағайдың дизайн-кодын әзірлеу жұмысының жалғасы болып саналады. Дизайн-код ауылдың сыртқы келбетін қалыптастырудың ортақ қағидаларын айқындаса, нақты бір тұрғын үй орамының жобасы сол қағидаларды іс жүзінде қалай қолдануға болатынын көрсетеді. Бұл ғимараттардың қасбеттерін рәсімдеуден бастап қоғамдық кеңістіктерді ұйымдастыруға дейінгі шешімдерді қамтиды. Мұндай тәсіл Катонқарағайдың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, біртұтас сәулеттік келбетін қалыптастыруға көмектеседі.
Қоғамдық кеңістіктердің сапасы туризмді дамыту үшін де маңызды. Қонақтар Катонқарағаймен тек табиғи және тарихи көрікті жерлерді аралау кезінде ғана емес, ауыл көшелерімен серуендеу арқылы да танысады. Ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолдары, абаттандырылған аумақтар мен табиғатпен үйлескен сәулет ауылдың тартымдылығын арттырады. Дегенмен жобаның басты назарында жыл бойы осында тұратын жергілікті халықтың күнделікті қажеттіліктері тұр.
Дайындалған тұжырымдама алдағы уақытта жобалық шешімдерді нақтылауға, қажетті келісімдерді жүргізуге және қаржыландыру көздерін анықтауға негіз болады. Оны жүзеге асыру Катонқарағайдың орталық бөлігін жаңартып, ауылдың табиғатпен үйлесімін және бірегей келбетін сақтауға мүмкіндік береді.