Берел мен Коробиха Қазақстанның үздік бес туристік ауылының қатарына енді

23.07.26

Катонқарағай ауданындағы Берел мен Коробиха ауылдары Kazakh Tourism компаниясы ұйымдастырған «Үздік туристік ауыл — 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздары атанды. Олармен бірге үздік бестікке Басши, Торайғыр және Имантау ауылдары енді. Шығыс Қазақстан облысы жеңімпаздар қатарында бірден екі ауылымен танылған еліміздегі жалғыз өңір болды.

Байқаудың мақсаты — тұрақты ауыл туризмін дамыту және табиғи, тарихи әрі мәдени мұрасын сақтап отырған елді мекендерді кеңінен таныту. Берел мен Коробиханың үздіктер қатарына енуі — туристік инфрақұрылымды дамытып, жаңа қызмет түрлерін ұсынып, туған өлкенің ерекшеліктерін саяхатшыларға танытып жүрген жергілікті атқарушы органдардың, тұрғындар мен кәсіпкерлердің бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Берел ауылы көркем табиғатымен қатар бай археологиялық мұрасымен де танымал. Ауыл маңында Алтайдың ежелгі көшпелілер мәдениетінен сыр шертетін бірегей тарихи кешен — «Патшалар аңғары» атанған әйгілі Берел қорғандары орналасқан. Табиғи ландшафттар мен тарихи ескерткіштердің үйлесуі Берелді танымдық туризмнің маңызды бағыттарының біріне айналдырып келеді.

Коробиха ауылы қонақжайлылығымен, омарта шаруашылығы дәстүрімен және жергілікті тағамдарымен саяхатшыларды қызықтырады. Мұнда қонақтар ауыл тіршілігімен танысып, омарталарды аралап, әйгілі Коробиха балының дәмін тата алады. Kazakh Tourism мәліметінше, ауыл туристерді жыл бойы қабылдайды. Қыста қарда жүруге арналған арнайы аяқкиіммен серуендеу ұсынылса, жылы мезгілде атпен саяхаттау, Бұқтырма өзенінде рафтинг жасау және балық аулау мүмкіндігі бар.

Ұлттық байқаудағы жеңіс екі ауылға да туристерді тартуға және өз мүмкіндіктерін кеңінен танытуға жол ашады. Дегенмен туризмнің дамуы табиғи ландшафттарды, мәдени мұраны және ауыл дәстүрлерін сақтаумен қатар жүруі маңызды. Өңірге деген қызығушылықтың артуы қонақ үй иелеріне, гидтерге, қолөнершілерге және жергілікті өнім өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер әкелуі тиіс.

Келесі қадам — Берел мен Коробиха ауылдарын Best Tourism Villages by UN Tourism халықаралық байқауына қатыстыру. Катонқарағай ауданының әкімдігі, aitas meken foundation және Kazakh Tourism ауылдарды әлемдік деңгейде таныстыру үшін өтінімдерді бірлесіп дайындап жатыр. Байқау нәтижелері 2026 жылғы желтоқсанда жарияланады деп күтілуде.