Euronews Катонқарағайдағы туризмді дамыту мен табиғатты сақтау арасындағы тепе-теңдік туралы баяндады

15.08.25

Халықаралық Euronews телеарнасы Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданы туралы көлемді репортаж дайындады. Журналистер экологиялық туризмді дамытуға, Алтайдың бірегей табиғатын сақтауға және жергілікті тұрғындар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға назар аударды.

Репортажда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің аудандағы туристік инфрақұрылымды дамыту жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әуежай құрылысы, жолдарды жаңғырту, сондай-ақ экологиялық, этномәдени және емдік-сауықтыру туризмін дамыту мүмкіндіктері туралы айтты. Туризммен қатар өңірде ауыл шаруашылығын, омарта шаруашылығын, дәстүрлі қолөнер мен жергілікті кәсіпкерлікті дамыту жоспарланып отыр.

Репортаждың негізгі тақырыптарының бірі — Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының қызметі. Қор әкімдікпен және жергілікті тұрғындармен бірлесіп, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.

Қор директоры Фатима Герфанова алғашқы бастамалардың бірі ауылдағы білім беру сапасын арттыру болғанын айтты. Бұған дейін көптеген отбасы балаларына жақсы білім беру мүмкіндігін іздеп, ауданнан көшіп кететін. Бұл жағдайды өзгерту үшін қор Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мамандарын тартып, олар үш жыл бойы жергілікті мұғалімдерді оқытып, кәсіби біліктілігін арттыруға көмектесті. Нәтижесінде республикалық байқауларға қатысатын оқушылар саны 2019 жылғы үш баладан 2024 жылы 200 балаға дейін өсті.

Euronews жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да назар аударды. Облыс әкімдігінің қолдауымен тұрғындар туристік бизнесті дамытуға гранттар алып жатыр. Ал Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, қонақжайлылық саласы бойынша оқыту семинарларын ұйымдастырды. Мұндай қолдау жергілікті тұрғындарға қонақ үйлер ашуға, туристерді ұлттық тағамдармен таныстыруға, бал және өздері өндірген басқа да өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.

Репортажда туризмді дамыту мен Катонқарағайдың табиғи және мәдени мұрасын сақтаудың арасындағы тепе-теңдікті табу мәселесі де көтерілді. Жергілікті кәсіпкерлер туризмнің дамуы жаңа мүмкіндіктер ашатынын түсінеді. Дегенмен олар үшін Алтайдың қайталанбас табиғатын және ауданның дәстүрлі өмір салтын сақтау да аса маңызды.

Фатима Герфанованың айтуынша, қор серіктестерімен бірлесіп, экономикалық дамуды қоршаған ортаны қорғаумен ұштастыратын тұрақты туризм үлгісін ілгерілетіп келеді. Ұзақ мерзімді мақсаттардың қатарында зиянды шығарындыларды азайту, қалдықтар көлемін қысқарту және табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану бар.

Euronews репортажы халықаралық аудиторияны Катонқарағай ауданының тәжірибесімен таныстырды. Мұнда әкімдік, бизнес және жергілікті қауымдастық аумақты дамыту, табиғи мұраны сақтау және болашақ ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін күш біріктіріп келеді.