Қор Ақтауда өткен халықаралық форумда ауылдық аумақтарды дамыту тәжірибесімен бөлісті

10.09.25

Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры «Каспий өңірі дәуірлер мен мәдениеттер тоғысында: тұрақты даму парадигмасының сын-қатерлері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-білім беру форумында өз тәжірибесін таныстырды. Қор ұсынған тәсілдің негізінде ауданның ұзақ мерзімді даму стратегиясын жергілікті тұрғындарға жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты жобалармен ұштастыру жатыр.

Форум 2025 жылғы 22–26 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институты мен Yessenov University бірлесіп ұйымдастырды. Форум аясында экономикалық даму, әлеуметтік тұрақтылық және қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, адами капиталды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау және мәдени мұраны сақтау тақырыптарына назар аударылды.

Форумға Қазақстан, АҚШ, Жапония, Германия, Түркия, Қытай, Австрия және Өзбекстаннан келген сарапшылар қатысты. Тұрақты туризмді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Caspian Nomad бағдарламасының практикалық кезеңінде Маңғыстау өңірінің туристік әлеуетін зерттеуге арналған далалық жұмыстар жүргізіліп, жаңа жобалық ұсыныстар әзірленді.

Қор форумда ауылдық аудандарды дамыту бағытындағы тәжірибесімен бөлісті. Бұл жұмыс ең алдымен өңірдің әлеуетін жан-жақты зерттеп, оның болашағын әкімдіктермен, кәсіпкерлермен және жергілікті тұрғындармен бірлесе талқылаудан басталады. Аудан экономикасының басым бағыттары, білім беру мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі және табиғи ресурстардың әлеуеті өзара байланысты даму факторлары ретінде қарастырылады.

Халықаралық форумға қатысу қорға ауылдық аудандарды дамыту тәжірибесін шетелдік ғалымдар мен сарапшыларға таныстыруға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе тұрақты даму мақсаттарын жергілікті деңгейде нақты іске асырудың жолдарын көрсетеді. Яғни жергілікті экономиканы қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және бизнес, билік пен тұрғындардың күш біріктіруі арқылы өңірдің болашағына оң өзгеріс әкелуге болатынын дәлелдейді.