Италияның ауылдық өңірлері ондаған жылдар бойы жастардан айырылып келді: соңғы 70 жылда шалғай елді мекендердің халқы шамамен төрттен бірге азайды. Бұған жауап ретінде елде стартаптарға гранттар беру, жас фермерлерге ұзақ мерзімді қаржылық қолдау көрсету және *borghi* (тарихи ауылдар) бағдарламасына миллиардтаған инвестиция бағыттау сияқты кешенді шаралар қолға алынды. Қазақстан үшін, халқының 37%-ы ауылдық жерлерде тұратын ел ретінде, бұл тәжірибе ерекше маңызды.
Тарих пен статистика
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Италияның ауылдық өңірлерінде халық саны күрт азая бастады. Жастар *aree interne* деп аталатын шалғай ауылдық аумақтардан ірі экономикалық орталықтарға қоныс аударып, жақсы мүмкіндіктер іздеді [1]. Соның нәтижесінде бүгінде Италия халқының жартысынан астамы ірі қалаларда тұрады [2], ал көптеген таулы және ауылдық коммуналарда негізінен егде жастағы тұрғындар ғана қалып, олар «елес ауылдарға» айналды. 1951–2019 жылдар аралығында, яғни 70 жыл ішінде, шалғай елді мекендердің халқы 26%-ға азайса, ірі қалалардың тұрғындары 30–50%-ға өсті [3]. Тіпті соңғы онжылдықта Италия халқының жалпы саны тұрақтанғанына қарамастан, ең шалғай аумақтар тұрғындарынан айырылуын жалғастырды [4].
Алайда ең үлкен соққы елдің оңтүстігіне тиді. *Mezzogiorno* өңірінде еңбек нарығы әлсіз болғандықтан, жастар басқа өңірлерге қоныс аударуда. Соңғы жылдары ішкі аудандардан шамамен 330 мың маман кетіп, олардың тек 198 мыңы ғана қайта оралды. Туу көрсеткішінің төмендеуі бұл үдерісті одан әрі күшейтіп, халық санының азаюына және адами капиталдың әлсіреуіне алып келді.
Place-based тәсілі
Мәселенің ауқымын түсінген Италия үкіметі 2013 жылы ішкі аумақтарды дамытуға арналған ұлттық стратегияны (SNAI) іске қосты. Бұл – құлдыраған өңірлерді жандандыруға бағытталған, аумаққа бағдарланған (*place-based*) мақсатты бағдарлама [5]. Фабрицио Барка жетекшілік еткен сарапшылар тобы ел аумағына негізгі қызметтердің қолжетімділігі тұрғысынан жан-жақты талдау жүргізіп, қарапайым өлшем ұсынды: егер ауруханаға, мектепке немесе теміржол станциясына жетуге 20 минуттан артық уақыт қажет болса, мұндай аумақ *aree interne* санатына жатады. Осындай аумақтар Италия жерінің шамамен 60%-ын және коммуналардың жартысынан астамын қамтиды. Алайда онда ел халқының небәрі 22%-ы ғана тұрады. Сондықтан мемлекеттік қолдау ең алдымен осы өңірлерге бағытталды.
2014–2020 жылдары 72 пилоттық аумақ таңдалып алынды. Олар 1000-нан астам коммунаны және шамамен 2 миллион тұрғынды қамтыды. Әрбір аумақ үшін көлік пен байланыс инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсарту, сондай-ақ бизнесті қолдау шараларын қамтитын кешенді бағдарлама әзірленді. Бағдарламаның басты қағидаты – «төменнен жоғарыға» (*bottom-up*) тәсілі. Яғни әкімдер күш біріктіріп, жергілікті тұрғындармен бірге даму басымдықтарын айқындап, оларды іске асыруға тікелей жауап берді. 2020 жылға қарай 71 пилоттық аумақтағы стратегияларды жүзеге асыруға ұлттық және еуропалық қорлардан 1,1 млрд еуродан астам қаражат бөлінді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық аумақтардағы базалық қызметтердің сапасын қалалық деңгейге жеткізу және жергілікті экономиканың дамуына серпін беру болды.
«Оңтүстікте қаламын»: жас кәсіпкерлерге басымдық
Жастарды тек инфрақұрылым арқылы ұстап қалу мүмкін емес – ол үшін жаңа жұмыс орындары қажет. Осы мақсатта Италия үкіметі 2017 жылы елдің ең әлсіз өңірлерінен жастардың жаппай көшуін азайтуға бағытталған Resto al Sud («Оңтүстікте қаламын») бағдарламасын іске қосты Бағдарламаны жүзеге асыруға 1,25 млрд еуро бөлінді. Алғашқы кезеңде ол Италияның сегіз оңтүстік өңірін – Абруццо, Апулия, Базиликата, Калабрия, Кампания, Молизе, Сардиния және Сицилияны қамтып, 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналды. Кейін бағдарлама жер сілкінісінен зардап шеккен бірқатар коммуналарға кеңейтіліп, қатысушылардың жас шегі алдымен 46 жасқа, ал 2021 жылдан бастап 55 жасқа дейін ұлғайтылды.
Бағдарлама шарттары өте қолайлы болды. Жобаның құрылтайшыларының санына қарай кәсіп ашуға 50 мыңнан 200 мың еуроға дейін қаржы бөлінді. Оның 50%-ы қайтарымсыз грант ретінде, ал қалған 50%-ы мемлекеттік кепілдікпен ұсынылатын жеңілдетілген несие түрінде берілді. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемені Италияның мемлекеттік даму агенттігі – Invitalia өтеп отырды. Бұл агенттіктің елдің оңтүстігінде кеңес беретін ақпараттық орталықтар желісі жұмыс істеді. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде өтінімдердің 40%-дан азы ғана мақұлданды. Бұған жобалардың жеткілікті деңгейде дайын болмауы, талаптарға сәйкес келмеуі және жастар арасындағы «сәтсіздікке ұшырау қорқынышы» әсер етті. OECD деректеріне сәйкес, мұндай үрей жастардың шамамен 60%-ына тән болған [7]. Кейін бағдарлама шарттары жетілдіріліп, оған фрилансерлердің қатысуына және бизнесті ірі қалалардан ауылдық елді мекендерге көшіруге мүмкіндік берілді.
Бағдарламаның нәтижесі айтарлықтай болды. 2023 жылғы тамыздағы деректерге сәйкес, 16 286 жоба қаржыландырылып, 57 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2025 жылғы мәліметтер бойынша, бағдарлама аясында шамамен 19 мың жаңа кәсіпорын ашылып, 63 мың жұмыс орны пайда болды. Ең жоғары белсенділік Кампания мен Сицилия өңірлерінде байқалды. Мұнда шағын қонақ үйлер, наубайханалар, агротуризм жобалары мен IT-қызмет көрсету кәсіпорындары ашылды. Бұл көрсеткіштер жастардың жұмыс іздеуші болудан гөрі, өз өңірінде кәсіп ашуға барған сайын жиі бет бұрып отырғанын көрсетеді.
Италия ауылдарының екінші тынысы
Соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан тағы бір бастама жекелеген кәсіпкерлерді емес, тұтас аумақтарды, әсіресе шағын әрі тарихи құндылығы жоғары елді мекендерді дамытуға бағытталды. 2021 жылы Италия Еуропалық Одақтың Next Generation EU қалпына келтіру жоспары аясында қаржыландыру алғаннан кейін, бөлінген қаражаттың бір бөлігі тарихи borghi – көне қалашықтар мен ауылдарды жаңғыртуға жұмсалды. Осылайша Attrattività dei Borghi («Ауылдардың тартымдылығы») бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға Ұлттық қалпына келтіру және тұрақтылық жоспары (PNRR) аясында 1 млрд еуро бөлінді [8]. Жобаны Италияның Мәдениет министрлігі үйлестіреді. Оның негізгі мақсаты – жартылай қаңырап қалған тарихи елді мекендерді мәдени және туристік тұрғыдан қайта жандандыру.
Бағдарлама екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. «A бағыты» (Linea A) жойылып кету қаупі бар 21 пилоттық borghi-ді қамтыды. Италияның әр өңірінен бір елді мекен таңдалып, олардың әрқайсысына шамамен 20 млн еуро бөлінді. Қаржы тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге, музейлер мен мәдени кеңістіктер ашуға, туризмді дамытуға және креативті индустрияларды қолдауға бағытталды. «B бағыты» (Linea B) жүздеген шағын ауылдарды қолдауға арналған. Байқау нәтижесінде 229 жоба іріктеліп, оларға жалпы көлемі 580 млн еуро бөлінді. Бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі салыстырмалы түрде аз болғанымен, қамту ауқымы әлдеқайда кең болды. Қаражат елді мекендерді абаттандыруға, мектептер мен қоғамдық алаңдарды жөндеуге, жергілікті тұрғындарға арналған іс-шараларды ұйымдастыруға және өңірлік өнімдерді ілгерілетуге жұмсалды. Италия билігі шағын тарихи қалашықтар мен ауылдарды тұрақты туризмді дамытудың негізгі тірегі ретінде қарастырады. Болашақта туристер Венеция мен Римдегі адам көп жиналатын орындарға ғана емес, таулы ауылдарға барып жергілікті ірімшіктің дәмін татып, тарихи көшелермен серуендеуге де қызығушылық танытады деген көзқарас қалыптасқан. Алайда бұл үшін алдымен мұндай елді мекендерді жойылып кетуден сақтап қалу қажет.
Бір қызығы, Attrattività dei Borghi бағдарламасы инфрақұрылым мен мәдени мұраны дамытумен ғана шектелмей, ауылдық кәсіпкерлікті тікелей қолдауды да қамтиды. 2023 жылы шағын ауылдардағы бизнесті дамытуға арналған Imprese Borghi бағдарламасы іске қосылып, оған 200 млн еуро көлемінде қаржы бөлінді. 2024 жылдың ортасына қарай ресми деректер бойынша, borghi аумақтарында іске асырылған шамамен 2 800 жаңа кәсіпкерлік бастамаға жалпы сомасы 189 млн еуро көлемінде қаржылық қолдау көрсетілді. Бұл негізінен отбасылық қолөнер шеберханалары, әлеуметтік стартаптар және басқа да шағын жобалар болды. Алайда ауыл үшін небәрі 5–10 жаңа жұмыс орнының өзі жергілікті экономиканың дамуына елеулі серпін бере алады.
Фермерлердің жаңа буыны
Жастарды ауыл шаруашылығына тартуға бағытталған шаралар ерекше назар аударуға тұрарлық. Себебі Италияда фермерлік шаруашылық иелерінің орташа жасы 60-тан асып кеткен. Осы саладағы ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында 2022–2023 жылдары ISMEA мемлекеттік қоры (Аграрлық нарық қызметтері институты) Generazione Terra («Жер ұрпағы») бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында 41 жасқа дейінгі фермерлерге құны 1,5 млн еуроға дейінгі ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алуға 30 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген несие беріледі [9]. Егер жаңа фермерлік кәсіпорын құрылса, мемлекет қосымша 70 мың еуро көлемінде қайтарымсыз қолдау ұсынып, бұл қаражатты несие бойынша алғашқы төлемдерге пайдалануға мүмкіндік береді. Ал 35 жасқа дейінгі тәжірибесі аз жастар үшін көлемі 500 мың еуроға дейінгі жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Бұл қаржыны ауыл шаруашылығы бойынша білім алуға, фермер ретінде тіркелуге және кәсіпті бастауға жұмсауға болады. Бағдарламаның жалпы бюджеті шамамен 100 млн еуроны құрайды. Оның негізгі мақсаты – жаңа буын фермерлеріне бастапқы капиталдың ауыртпалығын азайтып, агробизнеске жол ашу. Сонымен қатар үкімет жастар жобалары үшін мемлекет меншігіндегі 800 жер учаскесін сатылымға шығарды. Бұл бастама бағдарламаның мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Generazione Terra бағдарламасының нәтижелерін бағалауға әзірге ерте, өйткені өтінімдер қабылдау жақында ғана басталды. Дегенмен, әсіресе қараусыз қалған егістік алқаптары мен бос тұрған шаруашылықтар көп кездесетін Италияның орталық және оңтүстік өңірлерінде бағдарламаға қызығушылық жоғары.
Алғашқы нәтижелер
Италия ауылдық аумақтарды дамыту үшін түрлі тетіктерді сынақтан өткізіп келеді және олардың бірқатары оң нәтиже көрсетті. Мәселен, SNAI бағдарламасы бұрын назардан тыс қалып келген ауылдарға қосымша ресурстар тартуға мүмкіндік берді. Кейбір өңірлерде нақты өзгерістер байқалды. Пьемонттағы Валь-Майра аңғарында ауыл тұрғындарын кесте бойынша қалаға жеткізетін қоғамдық карпулинг жүйесі – ауылдық райдшерингтің баламасы іске қосылды [10]. Лигурияның таулы ауылдарында ең жақын мектепке жетуге бір сағаттан астам уақыт кететін балалар үшін қашықтан оқытылатын сыныптар ашылды. Молизе өңірінде шағын дәріханалар телемедицина қызметін көрсететін «ақылды дәріханаларға» айналып, тұрғындарға талдау тапсырып, дәрігерден қашықтан кеңес алуға мүмкіндік берді. Ал Сицилиядағы Мадоние өңірінде елді мекендерді қорғау мақсатында көшкіндерді бақылау жүйелері орнатылды. Бұл жобалардың барлығы Италияның ішкі аумақтарын жандандыру стратегиясының бір бөлігі болды. OECD бағалауынша, SNAI бағдарламасы көпдеңгейлі басқарудың табысты үлгісіне айналды. Ол түрлі министрліктер мен қорлардың инвестицияларын біріктіріп, мемлекеттік органдар мен жергілікті қауымдастықтардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырды.
Сонымен қатар сарапшылар бағдарламалардың әлсіз тұстарын да атап өтеді. SNAI стратегиясы он жылға жуық уақыт бойы іске асырылып келе жатқанымен, халықтың ауылдардан көшу үрдісін толық тоқтату мүмкін болған жоқ. Көптеген елді мекендерде тұрғындар саны әлі де азайып келеді [11]. Италия Сенатының деректеріне сәйкес, стратегияға жүздеген миллион еуро жұмсалғанына қарамастан, оның нәтижелері әзірге шектеулі. Ресми есептерде бағдарламаны енгізу үдерісі тым баяу әрі бюрократиялық болғаны ашық көрсетілген. Әсіресе елдің оңтүстігінде жергілікті әкімшіліктерде қаржыны тиімді игеруге қажетті мамандар мен тәжірибенің жетіспеуі айқын байқалды. Resto al Sud сияқты бағдарламалар да барлық мәселені шеше алмайды. Олар жаңа кәсіпорындардың құрылуына ықпал еткенімен, экономикалық белсенділігі төмен өңірлердегі сұраныстың әлсіздігі мәселесін толық еңсере алмады. Сонымен қатар құрылған стартаптардың барлығы бірдей ұзақ мерзімде тұрақты жұмыс істей бермейді. Жеңілдіктер кезеңі аяқталғаннан кейін жеткілікті клиент таба алмаған кәсіпкерлердің бір бөлігі өз қызметін тоқтатуы мүмкін.
Бағдарламаға қатысушылардың пікірлері әртүрлі. Көптеген жас кәсіпкерлер мемлекет берген мүмкіндікті жоғары бағалайды. Мысалы, Италияның оңтүстігіндегі өңірлік басылымдарда: «Осы грант болмағанда, Римге даяшы болып жұмыс істеуге кетер едім. Оның орнына туған қаламда өз наубайханамды аштым» деген пікірлер жиі кездеседі. Сонымен бірге көңілі қалғандар да бар. Кейбір borghi тұрғындарының айтуынша, PNRR аясындағы қаражат негізінен елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартуға жұмсалғанымен, жаңа жұмыс орындары пайда болмаған. Неапольдегі Svimez зерттеу орталығының сарапшыларының пікірінше, ауылдардағы мектептердің, денсаулық сақтау жүйесінің және интернет инфрақұрылымының сапасы түбегейлі жақсармайынша, мұндай бір реттік жобалар ұзақ мерзімді үрдістерге айтарлықтай әсер ете алмайды. Себебі ауыл мен қала арасындағы өмір сапасы мен қызметтердің қолжетімділігі бойынша айырмашылық әлі де өте үлкен.
Соған қарамастан, оң өзгерістер байқала бастады. Жаңа мүмкіндіктер пайда болған өңірлерде жастардың көшу қарқыны біртіндеп баяулады. Коворкингтер, энотекалар мен агротуризм нысандары ашылған ауылдарға тұрғындар қайта орала бастады. Тіпті South Working – елдің оңтүстігінен қашықтан жұмыс істеу үрдісі де қарқын алды. Пандемиядан кейін көптеген италиялықтар Миландағы кеңселеріне қайтпай, интернет сапасының жақсаруының арқасында туған өңірлерінде тұрып, қашықтан еңбек етуді таңдады. Осы оң тәжірибеге сүйене отырып, Италия үкіметі ішкі аумақтарды дамыту стратегиясын уақытша жоба емес, тұрақты мемлекеттік саясатқа айналдыру ниетін жариялады. Еуропалық Одақтың 2021–2027 жылдарға арналған бюджетінде ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа қаржы қарастырылған. Сонымен қатар ұлттық жоспар бөлінген қаражаттың өңірлерге жылдам жетуі үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуді көздейді.
Қорытынды және Қазақстан үшін негізгі сабақтар
Италия тәжірибесі ауылдық аумақтарды бір ғана құралдың көмегімен дамыту мүмкін еместігін көрсетеді. Жұмыс орындарынсыз салынған жол да, сапалы қызметтермен толықтырылмаған гранттық қолдау да ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. Ал инфрақұрылым, жұмыспен қамту және күнделікті өмір сапасын арттыру шаралары кешенді түрде іске асқанда ғана тұрақты өзгерістерге қол жеткізуге болады. Жекелеген бастамалар қысқа мерзімді әсер бергенімен, ұзақ мерзімде олардың ықпалы шектеулі болады. Сондықтан Италия алдымен халық саны азайып жатқан аумақтарды анықтап, оларға ерекше мәртебе берді. Кейін аумаққа бағдарланған (place-based) тәсіл арқылы ресурстарды нақты осы өңірлерге шоғырландырды: ауруханалар мен мектептерді жаңғыртты, кәсіпкерлікті субсидиялады және ауылдарды өмір сүруге әрі туризмді дамытуға қолайлы орын ретінде ілгерілете бастады.
Италия тәжірибесіндегі тағы бір маңызды бағыт – жас фермерлерді қолдау. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы жерлері мен техниканы сатып алуға ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер беріліп, әр қатысушыға тәлімгерлік қолдау көрсетіледі. Осылайша агроөнеркәсіп кешенінде кәсіби даму мен мансап құрудың жүйелі жолы қалыптастырылады. Қазақстан үшін бұл тәжірибенің маңызы ерекше. Себебі елімізде де аграрлық сектордағы кадрлардың орташа жасы артып, агрономдар мен ветеринар дәрігерлердің тапшылығы өздігінен шешілмей отыр. Егер 20–35 жас аралығындағы жастар үшін ауыл шаруашылығы саласына келудің нақты мүмкіндіктері жасалмаса, ең заманауи техниканың өзі саланың дамуын қамтамасыз ете алмайды.
Ең басты сабақ – кешенді тәсіл мен ауылдың болашағы туралы нақты көзқарастың болуы. Жастар үшін тек жалақының мөлшері емес, өмір сүру ортасының сапасы да маңызды. Олар жоғары жылдамдықтағы интернеттің, қолжетімді медицинаның, сапалы мектептердің, бос уақытты тиімді өткізу мүмкіндіктерінің және жайлы қоғамдық кеңістіктердің болуына мән береді. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамыту жекелеген нысандар салумен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен ауылдың ұзақ мерзімді даму бейнесі айқындалып, оны дәйекті түрде іске асыратын жүйе құрылуы қажет. Италия дәл осы күнделікті өмір сапасын жақсартатын бағыттарға инвестиция салды. Соның нәтижесінде ауылда қалу азаматтық парыз емес, саналы әрі тиімді таңдау бола бастады. Қазақстан үшін де ауылдық аумақтарды дамытуда осындай кешенді және ұзақ мерзімді тәсілді қалыптастыру маңызды.
Осы қағидаттарға сәйкес Қазақстандағы Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры да өз жұмысын жүргізеді. Қор ең алдымен ауданның даму келешегін айқындап, жан-жақты диагностика жүргізеді, содан кейін ұзақ мерзімді тұрақты даму стратегиясын әзірлейді. Бұл үдерісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы талданып, оның негізгі артықшылықтары мен дамуға кедергі келтіретін факторлары анықталады. Стратегия үш негізгі бағытқа негізделеді: экономика, әлеуметтік орта және экология. Оны іске асыру екі басты қағидаға сүйенеді. Біріншісі – шешімдерді бизнес, мемлекет және жергілікті қауымдастық бірлесіп қабылдайды, яғни жобалар сырттан таңылмайды. Екіншісі – «болашақтан жоспарлау» тәсілі: алдымен ауданның бірнеше ондаған жылдан кейінгі даму бейнесі қалыптастырылып, кейін бюджет қаражаты мен даму жобалары сол мақсаттарға сәйкес бағытталады.
Мұндай тәсіл ауылдық аумақтарды дамытуға деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Ол «нысан салып, есеп берумен» шектелмей, өңірдің ұзақ мерзімді дамуының мәніне назар аударады. Негізгі сұрақтар – тұрғындар қандай кәсіппен табыс табады, олардың күнделікті өмір сапасы қандай болады және жас отбасылардың осы өңірде қалып, өмір сүруіне қандай жағдай жасалады.
Қорытындылай келе, Италия тәжірибесі табысқа жеке жобалардың саны емес, нақты мақсаттарға негізделген кешенді стратегия, оны дәйекті іске асыру және нәтижелерді тұрақты бағалау арқылы қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Қазақстан үшін де ауылдық аумақтардың болашағын жоспарлауда осы қағидатқа сүйену маңызды. Өйткені екі елдің ортақ мақсаты – тұрақты дамуды қамтамасыз ету, мәдени мұраны сақтау және өңірлердің теңгерімді дамуына жағдай жасау. Айырмашылық тек бұл мақсаттарға жету үшін қолданылатын құралдар мен олардың жүзеге асу қарқынында.
Дереккөздер
- Wikipedia (EN). National Strategy for Inner Areas. https://en.wikipedia.org/wiki/National_Strategy_for_Inner_Areas
- World Bank Data. Urban population (% of total) — Italy. https://data.worldbank.org/indicator/SP.URB.TOTL.IN.ZS?locations=IT
- Openpolis. Le aree interne tra spopolamento e carenza di servizi. https://www.openpolis.it/le-aree-interne-tra-spopolamento-e-carenza-di-servizi/
- Openpolis (Numeri). Negli ultimi decenni si sono spopolate le aree interne, hinterland in crescita. https://www.openpolis.it/numeri/negli-ultimi-decenni-si-sono-spopolate-le-aree-interne-hinterland-in-crescita/
- Agenzia per la Coesione Territoriale. Strategia Nazionale per le Aree Interne (SNAI). https://www.agenziacoesione.gov.it/strategia-nazionale-aree-interne/
- Invitalia. Resto al Sud. https://www.invitalia.it/incentivi-e-strumenti/resto-al-sud
- OECD. Inclusive Entrepreneurship Country Notes: Italy (tabulazioni GEM; страх неудачи у молодёжи >50%). https://www.oecd.org/content/dam/oecd/en/publications/reports/2024/11/inclusive-entrepreneurship-2018-country-notes_bf2c7290/italy_1f5ca8dd/07265e39-en.pdf
- Ministero della Cultura. PNRR — Investimento M1C3/2.1 “Attrattività dei Borghi”. https://pnrr.cultura.gov.it/misura-2-rigenerazione-di-piccoli-siti-culturali-patrimonio-culturale-religioso-e-rurale/2-1-attrattivita-dei-borghi/
- ISMEA. Generazione Terra. https://www.ismea.it/Startup/GenerazioneTerra
- Dipartimento per le Politiche di Coesione. Strategia Valli Maira e Grana (SNAI) — car‑pooling и транспортные решения. https://politichecoesione.governo.it/media/2709/strategia_valli-grana-e-maira.pdf
- Senato della Repubblica. I primi risultati della Strategia nazionale per le aree interne (Focus, 2023). https://www.senato.it/application/xmanager/projects/leg19/attachments/documento/files/000/112/493/DV13_Focus_Primi_risultati_SNAI.pdf