Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры SIMKON командасы Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп ұйымдастырған «Форсайт-кэмп 2025–2035» іс-шарасында ауылдық аумақтарды ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған өз тәсілін таныстырды. Іс-шараға Қазақстанның бизнес иелері мен басшылары жиналып, алдағы он жылда кәсіпкерлік ортаға ықпал ететін өзгерістерді талқылады.
Төрт күнге созылған кездесуде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар, ұйымдық құрылымдар, инвестициялар және болашақ мамандарға қойылатын талаптар қарастырылды. Топтық жұмыс барысында қатысушылар бизнестің жаңа бағыттарын, ықтимал тәуекелдер мен мүмкіндіктерді талдап, болашаққа дайын болу үшін бүгіннен бастап қандай қадамдар жасау керектігін айқындады.
Қор бұл алаңда ауылдық аудандарды болашаққа көз жүгірте отырып жоспарлау тәжірибесімен бөлісті. Бұл тәсілдің негізінде алдымен өңірдің болашақта қандай болғанын қалайтынымызды елестетіп, содан кейін сол мақсатқа жету үшін қажетті шешімдер мен нақты қадамдарды анықтау жатыр. Мұндай жоспарлау аудан экономикасының басым бағыттарын ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын, қызметтердің қолжетімділігін, мамандар даярлау мен табиғи ресурстарды сақтау мәселелерін де кешенді қарастыруға мүмкіндік береді.
Қор тәжірибесінде ұзақ мерзімді мақсаттар аудандық даму стратегияларына, бағдарламалар мен нақты жобаларға ұласады. Олар әкімдіктермен, кәсіпкерлермен және жергілікті қауымдастықтармен бірлесе жүзеге асырылады. Ал бизнес үшін мұндай тәсіл инвестициялық жоспарларын өзі жұмыс істейтін өңірдің даму келешегімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Өйткені бұл аумақта кәсіпорындар ғана емес, олардың қызметкерлері мен отбасылары да өмір сүреді.
Форсайт-кэмпке қатысу қордың тәжірибесін кәсіпкерлер қауымына таныстырып, бизнестің болашағы өзі қызмет ететін өңірдің дамуымен тығыз байланысты екенін көрсетуге мүмкіндік берді.