Қасым Қайсенов кентінде отбасымен демалуға, серуендеуге және спортпен шұғылдануға арналған жаңа саябақ ашылды. Аумағы 16 мың шаршы метрге жуық қоғамдық кеңістік aitas холдингіне кіретін Өскемен құс фабрикасының 50 жылдық мерейтойына орай тұрғындарға тарту етілді. Кәсіпорын саябақты салуға 470 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
Жаңа саябақтың орны тұрғындардың пікірін ескере отырып таңдалды. Жүргізілген сауалнама кенттің осы бөлігінде тұратын отбасыларға үйге жақын демалыс орны жетіспейтінін көрсетті. Әсіресе кішкентай балалары бар тұрғындарға бұрыннан бар Ардагерлер саябағына жету қиын болған. Сондықтан жаңа демалыс аймағын тұрғын үйлерге жақын жерден ашу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде бұрын абаттандырылмаған сай заманауи қоғамдық кеңістікке айналды.
Саябақ үш аймаққа бөлінген: балаларға арналған, спорттық және серуендеу аймақтары. Мұнда қауіпсіз жабындысы бар ойын кешендері орнатылып, футбол алаңы, воркаут аймағы, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, серуендеу жолдары, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі жасалды. Енді әр жастағы тұрғындар үйінің жанында өз қызығушылығына сай демалып, бос уақытын тиімді өткізе алады.
Жаңа кеңістіктің басты құндылығы — тұрғындардың күнделікті өміріне беретін мүмкіндіктерінде. Ата-аналар балаларымен серуендей алады, оқушылар сабақтан кейін футбол ойнайды, ал үлкендер демалып, көршілерімен кездеседі. Саябақ адамдардың бас қосып, бірге уақыт өткізетін және отбасылық демалыстың жаңа дәстүрлерін қалыптастыратын орнына айналып келеді.
Жоба Ұлан ауданы әкімдігінің, Өскемен құс фабрикасының және aitas meken foundation бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асты. Қор жобалық құжаттаманы дайындауға қатысты. Ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Төлуқпаев, құс фабрикасының қызметкерлері мен кент тұрғындары қатысты.
Жаңа кеңістіктің Ұлан ауданының мәдени мұрасымен байланысына да ерекше көңіл бөлінген. Саябақты безендіруде суретші Санжар Жұбановтың Ақбауыр петроглифтерінен шабыт алған тас композицияларын орналастыру жоспарланған. Бұл туындылар өңірдің тарихи ерекшелігін айқындап, заманауи саябақтың келбетін жергілікті мәдени нақыштармен толықтыруға бағытталған.
Өскемен құс фабрикасы 50 жыл ішінде аудан тұрғындарының бірнеше буынының өмірімен тығыз байланысқан кәсіпорынға айналды. Сондықтан мерейтойлық сыйлық — жаңа демалыс орны ғана емес, кенттің болашағына, кәсіпорын қызметкерлерінің, олардың отбасылары мен барлық тұрғындардың өмір сапасына қосылған үлес. Бұл жоба aitas холдингінің бизнесті дамытумен қатар, өндіріс орналасқан аумақтар мен сол жерде тұратын адамдардың әл-ауқатына мән беретін ұстанымын көрсетеді.