Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен дөңгелек үстелде ауылдық аудандардың ұзақ мерзімді даму стратегияларын әзірлеу тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар өңірлердің болашағына қатысты ұзақ мерзімді көзқарасты нақты басқарушылық шешімдермен және аудандардың тұрақты дамуына бағытталған жобалармен қалай ұштастыруға болатынын талқылады.
Қордың тәсілі ең алдымен ауданның қазіргі жағдайын жан-жақты талдаудан және тұрғындармен, кәсіпкерлермен, жергілікті билік өкілдерімен бірлесе отырып, оның болашақтағы келбетін айқындаудан басталады. Кейін дамудың басым бағыттары белгіленіп, стратегия мен нақты жобалар бағдарламасы әзірленеді. Сондай-ақ оларды жүзеге асыруға қажетті ресурстар мен жауапкершілікті бөлу тетіктері қарастырылады.
Қордың тәжірибесі мемлекеттік басқару саласының өкілдері үшін маңызды. Өйткені стратегияны әзірлеу — жұмыстың алғашқы қадамы ғана. Оны нәтижелі жүзеге асыру үшін тұрғындармен және бизнеспен тұрақты диалог орнату, бюджеттік шешімдерді келісу, жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау және барлық мүдделі тараптардың бірлесе әрекет етуі қажет.
Дөңгелек үстелге қатысу қор үшін ауылдық аудандарды дамыту тәжірибесін мемлекеттік басқару саласының өкілдерімен бөлісуге мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибе алмасу аумақтарды жоспарлаудың тиімді тәсілдерін талқылауға және оларды жергілікті атқарушы органдардың жұмысында қолдану мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.