Катонқарағаймен танысу әуежайдан басталады: қор әуежай интерьерінің дизайн-тұжырымдамасын әзірлеуге қолдау көрсетті

15.10.25

Катонқарағайдағы жаңа әуежайдың интерьеріне ауданның табиғи және мәдени ерекшеліктерін бейнелейтін дизайн-тұжырымдама әзірленді. Оны дайындауды Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры қаржыландырды. Бастаманың мақсаты — қонақтардың Катонқарағаймен таныстығын әуежайға келген алғашқы сәттен бастау.

Жаңа әуежай Белқарағай ауылының маңында салынып жатыр. Жоба аясында өңірлік әуе кемелерін қабылдауға арналған ұшу-қону жолағы, төрт ұшаққа арналған тұрақ және аумағы төрт мың шаршы метрге дейін жететін әуежай терминалы қарастырылған.

Әуе қатынасының дамуы Катонқарағай және көршілес Үлкен Нарын аудандарына қатынауды жеңілдетіп, тұрғындар мен саяхатшылардың жолға жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жергілікті экономика үшін туризмді, қонақжайлылық саласын және туристерге қызмет көрсетумен байланысты кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қор үшін жаңа көлік инфрақұрылымының Катонқарағайдың өзіндік ерекшелігін көрсетуі маңызды. Өйткені өңір туралы алғашқы әсер келген сәттен-ақ қалыптаса бастайды. Әуежай кеңістігі қонақтарды ауданның ауылдары мен көрікті жерлерін аралауға шықпай тұрып-ақ оның тарихымен, мәдениетімен және табиғатымен таныстыра алады.

Дизайн-тұжырымдаманың негізіне Катонқарағайдың тарихы, табиғаты мен дәстүрлері алынған. Бұл ерекшеліктерді әуежай терминалының интерьерінде көрсету жоспарланып отыр. Осылайша ауданның табиғи және мәдени мұрасын айшықтайтын, Катонқарағайға тән ерекше атмосфера қалыптастыру көзделген.

Әзірленген тұжырымдама Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация комитетіне қарауға және әуежай құрылысы барысында қолдану мүмкіндігін бағалауға ұсынылды. Келесі кезеңде оны жүзеге асыру мәселесі шешіледі.

Бұл жоба қордың Катонқарағайдың сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған басқа да бастамаларын толықтырады. Олардың қатарында дизайн-кодтарды, елді мекендерге кіреберіс нысандарды және қоғамдық кеңістіктерді жобалау бар. Аталған жобалар әуежайдан бастап ауылдар мен табиғи көрікті жерлерге дейін ауданның біртұтас әрі танымал келбетін қалыптастыруға бағытталған.