18 сәуір күні Ұлан ауданының әкімшілік орталығы – Қасым Қайсенов кентінде балалар, ата-аналар мен ұстаздар үшін ерекше қуанышты оқиға болды: жаңа, кең әрі заманауи музыка мектебінің ғимараты салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Министрдің айтуынша, бұл – Ұлан ауданы үшін маңызды оқиға. Жаңа мектеп шығармашылық қабілеті жоғары балалардың талантын дамытуға кең мүмкіндік беріп, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«Баршаңызды жаңа музыка мектебінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын, таланттарға қанат бітіретін нағыз өнер ордасы. Оның ашылуы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны ерекше мәнге ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында қосымша білім беру өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеудің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, білім беру мен тәрбие қатар жүруі қажет, ал «Адал азамат» бағдарламасы ұлттық құндылықтарға сай, адал әрі білімді ұрпақты қалыптастырудың берік негізіне айналады., — деді министр.
Шығыс Қазақстан облысы балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі. Бұл көрсеткіш 94%.
Осы уақытқа дейін музыка мектебі Балалар шығармашылығы үйінің ғимаратында орналасып келген болатын. Енді мектептің кең әрі заманауи жабдықталған жеке ғимараты бар. Бұл оқушылар мен педагогтердің шығармашылық әлеуетін еркін дамытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Мектеп пен Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының ынтымақтастығы 2019 жылы басталды. Сол жылы мектепке флейта, цифрлық пианино, саксофон, альт-саксофон, гитара, виолончель, скрипка, прима-қобыз және домбыра сияқты музыкалық аспаптар сатып алынды. 2021 жылы мектептің материалдық-техникалық базасы қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарымен толықтырылды. Олардың қатарында сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз және басқа да ұлттық аспаптар бар.
Сонымен қатар Қордың бастамасымен педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында белгілі қазақстандық композитор әрі мультиаспапшы Еділ Хұсайынов шақырылды. Оның жетекшілігімен музыка мектебінің педагогтеріне арналған оқыту бағдарламасы іске қосылды.
Жалғасып келе жатқан серіктестік аясында Қор өкілдері жаңа музыка мектебі ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Жаңа музыка мектебінің ғимаратында 14 оқу кабинеті, айналармен және хореографиялық станоктармен жабдықталған би залы, сондай-ақ LED-экраны бар 126 орындық концерт залы орналасқан. Бұл заманауи инфрақұрылым мәдени және білім беру іс-шараларын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
БАҚ үшін байланыс::
Шахзада Шөгелбаева
Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының PR-директоры
+7 778 229 47 77
shakhzada.shogelbayeva@furst.kz