Ұлан ауданының әкімдігі жергілікті белсенді азаматтармен және aitas meken foundation қорымен бірлесіп, ауданның ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеп жатыр. Осы жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі — тұрғындармен және оқушылармен кездесіп, туған кенттері мен ауылдарының болашағын талқылау. Қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстары аудан дамуының басым бағыттарын анықтауға көмектеседі.
Бұл жұмыстың басты назарында — ауданда тұрып, еңбек етіп жүрген, бала тәрбиелеп, болашағын туған жерімен байланыстыратын адамдар. Күнделікті өмірде қандай мүмкіндіктер жетіспейтінін, қандай мәселелерге көңіл бөлу керектігін және нені өзгерту қажет екенін ең жақсы білетін де — солар. Сондықтан стратегияны әзірлеу кезінде экономикалық көрсеткіштер мен өңірдің әлеуетін бағалаумен қатар, тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескеру маңызды. Олардың қатарында қызметтердің қолжетімділігі, қоғамдық кеңістіктердің сапасы, білім алу, демалу және кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндіктері бар.
Оқушылардың пікіріне ерекше мән беріліп отыр. Өйткені бүгінгі балалар мен жасөспірімдер алдағы уақытта осы ауданда өмір сүріп, еңбек етуі мүмкін. Сондықтан олардың туған жерінің болашағын қалай елестететінін, үйінің жанында қандай мүмкіндіктер болғанын қалайтынын және болашақ өмірін осы өңірмен байланыстыруына не әсер ететінін білу маңызды.
Әртүрлі буын өкілдерінің диалогі ауданның дамуына жан-жақты қарауға мүмкіндік береді. Аға буын елді мекендердің тарихы мен ерекшеліктері туралы білімі және тәжірибесімен бөліссе, жастар тың идеялар ұсынып, болашаққа деген өз көзқарасын білдіреді. Осы пікірлердің тоғысуы Ұлан ауданының алдағы онжылдықтарда қандай болуы керектігі туралы ортақ түсінік қалыптастыруға көмектеседі.
Стратегияны әзірлеу жұмысы аудан әкімдігін, жергілікті белсенді азаматтарды және aitas meken foundation қорын біріктіріп отыр. Тұрғындардың ұсыныстары аудан экономикасының, әлеуметтік саласының және экологиялық жағдайының талдауымен қатар қарастырылады. Соның негізінде ортақ мақсаттарды айқындап, басым бағыттарды таңдау және өңірдің жүйелі дамуына ықпал ететін жобаларды қалыптастыру көзделген.
Кездесулер барысында жиналған барлық пікірлер мен ұсыныстар стратегияны одан әрі әзірлеу кезінде ескеріледі. Өйткені ауданның болашағын сол жерде өмір сүріп жатқан адамдардың қатысуынсыз қалыптастыру мүмкін емес. Билік, қоғам және серіктестер арасындағы ашық диалог тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне сай шешімдер қабылдауға, туған жерде өмір сүруге, еңбек етуге және дамуға қолайлы жағдай жасауға жол ашады.